Облыс орталығындағы құрылыс жұмыстарының кешеуілдеу мәселесін биыл шешу қажет. Бұл туралы облыс әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында айтты. Аймақ басшысы ұзақ уақыт бойы аяқталмай жатқан тұрғын үйлердің жағдайымен танысып, мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездесті.
2020 жылдан бастап Көкшетау қаласында 11 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталып, әлі аяқталмаған. Қазіргі таңда осы нысандар әртүрлі дайындық деңгейінде тұр, сондықтан әр жағдай жеке қаралды. Мысалы, Сарыарқа шағын ауданында А және Б позицияларындағы екі тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы басталған. Бұл екі үйдің пайдалануға берілуі биылға жоспарланған.
Мердігер ұйымның өкілдері бірінші позициядағы құрылыс жұмыстарының мерзімінени кешігуі жұмыс күшінің жетпеуіне байланысты екенін түсіндірді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 60%-ы орындалған, оның ішінде қаңқасы мен сыртқы қабырғалар монтажы бар. Екінші позицияда сыртқы инженерлік желілердің жоқтығы және құрылыс материалдарының жеткізілуімен байланысты мәселелер туындаған. Бұл екі жобаның жүзеге асуы 100-ден астам қала тұрғынын арзан баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аяқталмай қалған құрылыс нысандарының жағдайы туралы Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев мәлімдеді. Оның айтуынша, Сарыарқа шағын ауданында бірқатар күрделі нысандар бар. Бұл тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының тұралап қалуына мердігер ұйымдардың өзара үйлесімді жұмыс істемеуінен және жоба құжаттарының жеткіліксіздігінен туындаған қиындықтар себеп болған. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының баяу жүруі инженерлік коммуникациялардың болмауына және жұмыс қарқынының төмен болуына байланысты.
Марат Ахметжанов мердігер ұйымдардың өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктелетінін ескертті.
«Бұл жобалардың барлығын неге мерзімнен кешігіп жатқанын анықтау керек. Аяқталмай қалған нысандар тек құрылысқа ғана емес, инфрақұрылымға, оның ішінде жолдарға да әсерін тигізеді. Қалада 800-ден астам пәтер аяқталмай жатыр. Осы себептен қала дамымай отыр. Біз адамдардың өз пәтерлерін жылдар бойы күтіп отыруына жол бермейміз», - деді облыс әкімі.
Сапар қорытындысы бойынша аймақ басшысы мердігер ұйымдарға биыл сегіз құрылыс нысанын аяқтауды тапсырды. Бұл нысандардың бір бөлігіне қала әкімдігі, ал екінші бөлігіне «Көкше» әлеуметтік даму корпорациясы жауапты болады.