Қазақстан Республикасының ресми делегациясының Пәкістан Ислам Республикасына сапары аясында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан мен «KOKSHE» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Серікбай Құсайынов жоғары деңгейдегі іс-шараларға қатысты.
Қазақстан делегациясы елдің ең ірі қаласы Карачиде өткен бизнес-форумға қатысты. Сапар барысында тараптар сауда, инвестиция, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика және басқа да салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесулерде Қазақстан мен Пәкістан өңірлері арасындағы әріптестік байланыстарды нығайту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Ақмола облысының өкілдері пәкістандық әріптестеріне өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырып, аграрлық саладағы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағыттарындағы мүмкіндіктерге баса назар аударды.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан өңіраралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екенін білдірді. Ал «KOKSHE» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Серікбай Құсайынов Ақмола облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып, пәкістандық инвестицияларды тартуға қызығушылық бар екенін атап өтті.
Форум жұмысына бизнес құрылымдар мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары белсенді қатысуда.
«Белгородское» ЖШС директоры Артём Любимов:
«Біздің компания дәнді және майлы дақылдарды өсіруге маманданған. Пәкістан тарапы біздің астықты сатып алуға қызығушылық танытуда. Өз кезегінде, пәкістандық тарап көкөніс пен жеміс-жидек жеткізуге дайын. Алайда алдымен логистика мәселесін шешу қажет», – деді.
Форумға қатысушылардың қатарында «Степной-4» ЖШС мен «Абылқасымовтар ШҚ» басшысы Нұрсұлтан Сопиев те бар.
«Mango Travel» туристік агенттігінің басшысы Наталья Мартынова Пәкістаннан келетін туристерді Ақмола облысына және Қазақстанның басқа өңірлеріне қабылдауға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Қазақстан делегациясының сапары – Қазақстан мен Пәкістан арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту жолындағы маңызды қадам.