«KOKSHE» ӘКК» АҚ-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша дәріс өтті

30.06.2026

«KOKSHE» ӘКК» АҚ-да Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасына енгізілген өзгерістерге арналған дәріс өтті. Дәрісті Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Құсайынов Аманжол Амангелдіұлы жүргізді.

Кездесу барысында қызметкерлерге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 367-бабына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар түсіндіріліп, сондай-ақ 2026 жылғы 12 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі ережелері қарастырылды.

Дәріс барысында пара беру және пара алу, парақорлыққа делдал болу үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік мәселелеріне, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған шараларға ерекше назар аударылды. Спикер заңнамадағы соңғы өзгерістерге жан-жақты тоқталып, олардың тәжірибеде қолданылу тәртібін түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Осындай іс-шараларды өткізу қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, адалдық мәдениетін қалыптастыруға және корпорация қызметінде заңдылық, ашықтық пен сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.

«KOKSHE» ӘКК» АҚ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясатты дәйекті түрде қолдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары мен қызметтік әдеп қағидаттарын сақтауға бағытталған профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөледі.