Ақмола облысында он сүт-тауарлы ферманың құрылысы қаржыландырылды

16.10.2026

Ақмола облысында сүтті мал шаруашылығын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2023–2026 жылдары жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары аясында жалпы қуаттылығы 10,4 мың бас ірі қара малға арналған он сүт-тауарлы ферма қаржыландырылды. Оның алтауы пайдалануға берілді, ал тағы екі кешеннің құрылысын биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы 16 қазанда Ақкөл ауданында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кеңесте талқыланды. Жиынға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, қаржы институттарының өкілдері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.

Сүтті мал шаруашылығын дамыту өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі басым бағыттардың бірі болып қала береді. Мемлекеттік жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері шаруашылықтарға өндірістік инфрақұрылымды жаңғыртуға, өнімділігі жоғары асыл тұқымды мал сатып алуға, сондай-ақ малды күтіп-бағу мен азықтандырудың заманауи технологияларын енгізуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда пайдалануға берілген алты сүт-тауарлы фермада 5,8 мың бас ірі қара малға арналған өндірістік қуаттар іске қосылды. Аталған жобалар Целиноград, Ақкөл, Аршалы, Жарқайың және Зеренді аудандарында жүзеге асырылды.

Мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің жарқын мысалдарының бірі — Ақкөл ауданындағы «Еңбек» ЖШС-нің жобасы. Ол «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды. Заманауи роботтандырылған ферманың жалпы құны 8,1 млрд теңгені құрады. Оның 3,1 млрд теңгесін корпорация қаржыландырса, қалған 5 млрд теңге кәсіпорынның өз қаражаты есебінен салынды.

900 бас сауын сиырға арналған кешен Германияда өндірілген жоғары технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған. Шаруашылықта өндірістік үдерістер автоматтандырылып, қалдықтарды қайта өңдеуге арналған заманауи экологиялық шешімдер енгізілген. Жоба аясында 42 жұмыс орнын ашу көзделген.

Өндірістік қуаттарды кеңейту өз нәтижесін беруде. Кеңесте келтірілген мәліметтерге сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айында Ақмола облысының ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында сүт өндіру көлемі 40 пайызға артқан.

Жыл соңына дейін тағы екі ірі сүт-тауарлы кешеннің құрылысын аяқтау жоспарланған. Атап айтқанда, Бурабай ауданында 1 440 басқа арналған «Бурабай Милк» ЖШС және Атбасар ауданында 768 басқа арналған «Бастау» ЖШС фермалары пайдалануға берілмек.

Алдағы уақытта жоспарланған жобалардың іске асырылуы отандық сүт өнімдерінің өндірісін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2030 жылға қарай Ақмола облысында тауарлы сүт өндіру көлемін жылына 140 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.

«KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қатысуды жалғастыруда. Бұл жұмыс жеке инвестицияларды тартуға, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын технологиялық жаңғыртуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.