Ақмола облысында құны 8 млрд теңгеден асатын роботтандырылған сүт фермасы ашылды

16.10.2026

Ақмола облысының Ақкөл ауданында «Еңбек» ЖШС-нің заманауи сүт-тауарлы фермасы ашылды. Жобаны іске асыруға 8 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Оның 3,1 млрд теңгесін «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қаржыландырды. Еуропаның озық технологияларымен жабдықталған жаңа кешен 900 бас сауын сиырын ұстауға арналған.

Кәсіпорынның ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Республика күні қарсаңында іске қосылған жаңа өндіріс орны өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы маңызды жобалардың бірі болды.

Заманауи ферма Ақкөл ауданының Еңбек ауылында орналасқан. Жоғары өнімді сүтті табын қалыптастыру мақсатында шаруашылық Даниядан голштин қара-ала тұқымды асыл тұқымды ірі қара мал әкелді. Кәсіпорында құны 1,9 млрд теңге болатын Германияда өндірілген озық жабдықтар орнатылған. Бұл өндірістік үдерістерді автоматтандыруға, еңбек өнімділігін арттыруға және сүт шаруашылығының тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жобада экологиялық қауіпсіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Фермада көңді шығарудың заманауи жүйесі енгізіліп, қалдықтарды толық өңдеуге және кәдеге жаратуға арналған биокешен орнатылды.

Жоба мемлекет пен бизнестің әріптестігі негізінде қаржыландырылды. «KOKSHE» ӘКК тарапынан бөлінген 3,1 млрд теңгемен қатар, шаруашылықтың өз қаражаты есебінен шамамен 5 млрд теңге инвестиция салынды.

«Еңбек» ЖШС-нің жаңа фермасының ашылуы — Ақмола облысында сүтті мал шаруашылығын жаңғырту бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың бір бөлігі. 2023–2026 жылдары жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары аясында жалпы қуаттылығы 10,4 мың басқа арналған он сүт-тауарлы ферма қаржыландырылды. Оның алтауы пайдалануға берілді.

«Біздің міндетіміз — мал басын көбейту ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтатын жоғары технологиялық өндіріс орындарын құру», — деп атап өтті Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Атқарылған жұмыстың нәтижесі өндірістік көрсеткіштерден де көрініс табуда. Өңірдегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында сүт өндіру көлемі 51,3 мың тоннадан 71,7 мың тоннаға дейін артты.

2026 жылдың соңына дейін Бурабай және Атбасар аудандарында тағы екі сүт-тауарлы кешенді пайдалануға беру жоспарланған. Ал 2030 жылға қарай жоспарланған жобалар толық іске асырылған жағдайда, тауарлы сүт өндірісін жылына 140 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

«KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды қолдауды жалғастырады. Бұл жұмыс ауыл шаруашылығын жаңғыртуға, жеке инвестицияларды тартуға, отандық азық-түлік өндірісін дамытуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.