«Қазір – нағыз тиімді уақыт»: Әлихан Смайылов көкөніс қоймаларын жедел толықтыруды тапсырды

08.10.2022

Сенбі, 8 қазанда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағалары және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері бойынша кеңес өткізді.

ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев жыл басынан бері ӘМАТ бағасының 19,6%-ға, оның ішінде өткен аптада 0,1%-ға көтерілгенін баяндады. Өңірлер бойынша ең жоғары көрсеткіштер Ұлытау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Алайда соңғы уақытта елімізде бірқатар тауар позицияларының, соның ішінде пияз бен қант бағасы төмендеп келеді.

Сондай-ақ ол бүгінгі таңда қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, күнбағыс майы, әлеуметтік нан, ұн, кеспе және сүт өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бағаны тұрақтандыру үшін 186,1 мың тоннаға жуық ӘМАТ қоры бар. Сонымен қатар өңірлерде көкөністерді жинау жұмыстары жалғасып жатыр, бұл тұрақтандыру қорларының азық-түлік базасын одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр қазіргі уақытта биылғы егіннен жиналған көкөніс өнімдерінің бағасы төмен екенін атап өтті. Осыған байланысты өңірлердің әкімдері тұрақтандыру қорларын белсенді түрде толықтыруы қажет.

«Наурыз айынан маусым айына дейін жалғасатын маусымаралық кезеңде тапшылықты болдырмау және қымбат көкөністерді сырттан тасымау үшін қоймаларды қазірден бастап пияз, картоп, сәбіз, қырыққабатпен толтыру қажет. Маусымдық кезеңде бағаны интервенциялау және көкөніс бағасының шарықтап кетуіне жол бермеу үшін оларды ең төмен бағамен сатып алатын мүмкіндікті қазірден тиімді пайдалану қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Баяндамашыларды тыңдай келе Премьер-Министр бағаны тұрақтандырудың жаңа тәсілдерін іске асыру аясында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың шоттарындағы қаражатты резервке қойып, оларды өндірушілерді қаржыландыруға жіберу қажеттігін атап өтті.