Балық шаруашылығы мәселелері қарастырылды

12.10.2023

Ақмола облысының балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы депутат Саят Сыздықовтың төрағалығымен аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында қаралды. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болат Тоқышев, Есіл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев баяндама жасады.

Үкіметтің 05.04.2021 ж. № 208 қаулысымен 2030 жылға қарай 270 мың тоннаға дейін балық өсіруді көздейтін Республиканың балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленді. Табиғи ресурстар басқармасы әзірлеген осыған ұқсас облыстық бағдарлама 2030 жылға қарай тауарлық балық өндірісін 10 мың тоннаға дейін ұлғайтуды көздейді. Бағдарлама шеңберінде жаңа балық өсіру шаруашылықтарын, балық ресурстарын қорғау жөніндегі тиімді қызметті, саланы ғылыми және кадрлық қамтамасыз етуді құру жоспарланған. Бағдарламаны іске асыру үшін балық шаруашылығы су айдындарын бекіту бойынша конкурстар өткізіледі, су айдындарының бір бөлігі кәсіпшілік балық аулаудан балық өсіру (аквамәдениет) нысанына ауыстырылады.

Сонымен қатар, Б.Тоқышевтің айтуынша, өңірдегі 610 балық шаруашылығы су айдынының 80%-ында балықтың қырылу қаупі бар. Олардың орташа тереңдігі – 1-1, 5 метр, балық өсіру мүмкін емес. Ең үлкен тереңдігі бар және балық өсіруге перспективалы су қоймалары негізінен ұлттық парктер аумағында орналасқан. Соңғы жылдары құрғақшылық болғандықтан, тоғандар таяз болып, коммерциялық балықты өсіру қиындай түсуде.

Мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов атап өткендей, бағдарламаны іске асырудың өңір, әсіресе ауылдық жерлер үшін маңызы зор. Целиноград ауданындағы Мортық көліндегідей даулы және жанжалды жағдайлар болмауы үшін балық шаруашылығы су айдындарын бекіту бойынша конкурстардың жеңімпаздарымен де, жергілікті тұрғындармен де түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Жұмысты дұрыс жоспарлау, өңірдің бейінді министрліктер алдындағы ұстанымдарын қорғау – осы бағдарламаны іске асыруға жауапты табиғи ресурстар басқармасының және басқа да ведомстволардың міндеті, – деп атап өтті Саят Сыздықов. Депутат Анар Аяпбергенова бұл жұмыстың басында, ең алдымен, ғылыми көзқарас болуы керек екенін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша қаулы қабылданды, онда депутаттардың барлық сұрақтары мен ұсыныстары көрініс тапты.

Қарлыға Мухатаева,

Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз хатшысы