Зерендіде реновация бағдарламасы аясындағы алғашқы мектепке екінші өмір сыйлануда

05.06.2025

Зеренді ауылындағы №1 жалпы білім беретін мектеп 1970 жылы салынған. Енді бұл ғимарат реновация бағдарламасы бойынша жөндеуден өтетін алғашқы оқу орнына айналады. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Зеренді ауданына жасаған жұмыс сапары барысында аталған мектептегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

«Реновация – бұл жай ғана күрделі жөндеу емес. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мектеп заманауи жабдықтармен, жаңа үлгідегі оқу кабинеттерімен қамтамасыз етіледі. Яғни, ол жайлы мектеп стандарттарына барынша жақындатылатын болады. Біздің мақсатымыз – қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру жағдайындағы алшақтықты жойып, олардың барлығын тең дәрежеде жайлы әрі толық жабдықталған оқу ордасына айналдыру», – деді өңір басшысы.

Жөндеу жұмыстарын көкшетаулық «Сарыарка ЛТД» ЖШС жүргізуде. Жобаның жалпы құны 500 миллион теңгеден асады.

«Мектепте бүгінде 700-ден астам бала білім алуда. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының 30 пайызы аяқталды. Тамыз айында мектеп жаңа оқу жылына толық дайын болады», – деді Зеренді ауданы білім бөлімінің басшысы Динара Кенжеболатова.

Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын, сондай-ақ мектеп аумағын абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше назар аударуды тапсырды.