Ақмола облысында 2026 жылы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға шамамен 316 млрд теңге бағытталмақ. Ал бұл қомақты қаржының нақты нәтижесі қандай? Бұл – жаңа фермалар, заманауи техника мен технологиялар, шетелден әкелінген асыл тұқымды мал, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісі және, ең бастысы, жаңа жұмыс орындары. Өңірдің орақ науқанына дайындығы мен агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту мәселелері Бурабай ауданында өткен облыстық агрокеңесте талқыланды. Жиынға Ақмола облысының басшылығы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, шаруалар, ғалымдар және өңірдің даму институттарының мамандары қатысты. Басты мақсат – ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, өндірісті арттыру және Ақмола өңірінің аграрлық әлеуетін одан әрі нығайту.
Кеңес басталғанға дейін облыс әкімі Марат Ахметжанов өңірдегі ірі әрі көпсалалы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі – «Журавлевка-1» ЖШС-нің егіс алқаптарындағы орақ науқанының барысымен танысты. Дәл осы шаруашылықта облыстық агрокеңес өткізу туралы шешім қабылданды. Өйткені мұнда шаруашылықты тұрақты дамытудың нақты үлгісі қалыптасқан. Кәсіпорында заманауи агротехнологиялар мен цифрлық шешімдер жүйелі түрде енгізіліп, ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылуда. Сонымен қатар өндірістің барлық кезеңінде технологиялық тәртіп қатаң сақталады. Бұл – заманауи технология, тиімді басқару және тұрақты дамудың нақты нәтижесі.
Мемлекет бүгінде аграрлық салаға қомақты қолдау көрсетіп отыр. Алайда бұл қолдаудың нәтижесі тек бөлінген қаржыны игерумен шектелмеуі тиіс. Негізгі нәтиже — еңбек өнімділігінің, түсімділіктің және шаруашылықтардың тиімділігінің артуы. Аймақ басшысы аудандарды өзара салыстыра отырып, мемлекеттік қолдау көлемі мен салық түсімдері арасындағы көрсеткіштер барлық жерде бірдей сәйкес келе бермейтінін атап өтті.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін субсидиялар, жеңілдетілген лизинг, инвестициялық несиелендіру, сонынмен қатар «Кең Дала-2», «Ауыл Аманаты», «Игілік» және «Береке» мемлекеттік бағдарламалары қарастырылғандығын еске сала кетейік.
Жиынға «KOKSHE» ӘКК» АҚ Басқарма Төрағасы Серікбай Құсайынов та қатысты. Корпорация аграрлық секторды жеңілдетілген қаржыландырудың негізгі тетіктерін іске асыруға белсенді қатысып келеді. «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 111 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жалпы сомасы 32 миллиард 864 миллион теңге көлемінде несие берілді. Ал «Игілік» және «Береке» бағдарламалары бойынша корпорацияға 15 миллиард теңге бөлінді. «Береке» бағдарламасы бойынша алғашқы несие дәл біздің өңірде берілді. Алғашқы қарыз алушы – «Ерейментау Астық 2014» ЖШС.
Бірақ қаржыландырудың нақты нәтижесі есептерден емес, тікелей өндіріс орнында көрінеді! Кеңестен кейін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин «KOKSHE» ӘКК» АҚ-тан екі рет қаржыландырылған «Burabay Milk» ЖШС-не барды. Баянбай ауылында 1 440 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы құрылып жатыр. Қазірдің өзінде Еуропадан голштин тұқымды 330 сиыр жеткізілді. Келесі кезең – сүтті қайта өңдеу. Щучинск қаласында компания ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін зауыт салуда.
Тағы бір қаржыландырылған жоба – Ақкөл ауданындағы «Еңбек» ЖШС-нің тауарлы-сүт фермасы. Ферманы құруға 3 миллиард теңгеден астам несие қаражаты берілді. Бүгінде фермада 773 бас ірі қара мал бар. Ал 2025 жылы мұнда 4 300 тонна сүт өндірілді.
Нақты секторға салынған инвестицияның нәтижесі осындай: жобаны қаржыландырудан – толық қуатында жұмыс істеп тұрған өндіріске дейін. Дәл осындай кәсіпорындар Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешенінің жаңа өндірістік әлеуетін қалыптастырып, өңір экономикасының берік негізін қалауда.
