Марат Ахметжанов Көкшетаудағы реновация бағдарламасының іске асырылу барысымен танысты

02.07.2026

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласына жұмыс сапары барысында реновация бағдарламасы аясында салынып жатқан, құрамында балалар көркемсурет мектебі қарастырылған көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңына барды.

Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту. Техникалық тексеру қорытындысы бойынша 1965 жылы салынған балалар көркемсурет мектебінің ғимараты апатты деп танылып, бұзуға жатқызылды. Оның орнына жаңа тұрғын үй кешенінде қауіпсіздік талаптары мен білім беру процесінің заманауи стандарттарына толық сәйкес келетін жаңа көркемсурет мектебі салынады.

Бұрын мектептің жалпы аумағы 476 шаршы метрді құраса, жаңа ғимаратта бірінші және екінші қабаттардың жалпы ауданы 1 008  шаршы метрге дейін ұлғаяды. Сонымен қатар жоба аясында кең терраса мен жертөле қабатын салу да қарастырылған.

Нысанды аралау қорытындысы бойынша Марат Ахметжанов құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтаудың және олардың жоғары сапада орындалуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.