«KOKSHETAU ENGINEERING» ЖШС Урбанистика орталығының командасы «Ақмола облысының цифрлық картасы» жобасын таныстырды

10.11.2026

10 қараша – Цифрландыру күні «Болашақ сарайында» Smart City Accelerator акселерациялық бағдарламасының питчингі өтті. Іс-шара барысында бағдарлама қатысушылары ақылды қалаларды дамытуға бағытталған технологиялық жобаларын таныстырды.

Командалар сарапшыларға атқарған жұмыстарының нәтижелерін ұсынып, цифрлық шешімдерін көрсетті және оларды іс жүзінде енгізу мүмкіндіктері туралы баяндады. Мұндай жобалардың басты мақсаты – қалалық инфрақұрылымды басқару тиімділігін арттыру, тұрғындардың өмірін жайлы әрі қауіпсіз ету.

«KOKSHE» ӘКК жанындағы «KOKSHETAU ENGINEERING» ЖШС Урбанистика орталығының командасы «Ақмола облысының цифрлық картасы» жобасын таныстырды. Бұл жоба әртүрлі дереккөздердегі мәліметтерді бір жүйеге біріктіріп, қалалық инфрақұрылымның қай учаскелерін бірінші кезекте жаңғырту қажеттігін анықтауға мүмкіндік береді.

Жобаның алғашқы практикалық нәтижелері де бар. Атбасар қаласының мысалында ғимараттар цифрландырылып, 22 әлеуметтік нысан, сондай-ақ коммуналдық қызметтерді тұтынушылар мен инженерлік инфрақұрылым туралы мәліметтер картаға енгізілді.

«Ақмола облысының цифрлық картасы» жобасы питчинг финалистерінің қатарына еніп, пилоттық режимде сынақтан өткізуге ұсынылды.

Алдағы уақытта жүйені Степногорск, Көкшетау, Макинск және Щучинск қалаларында дамыту жоспарланып отыр.

Питчингтен кейін Цифрландыру күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Онда цифрлық технологиялар саласындағы жетістіктер мен бастамаларға, сондай-ақ өңірдің цифрлық трансформациясын дамытуға үлес қосып жүрген мамандардың еңбегіне ерекше назар аударылды.