Алтынай Танирбергенова жұбайы Нұрлан Төкеновпен бірге Ақмола облысының Целиноград ауданында отбасылық шаруашылық құрды. Мұнда қазақтың дәстүрлі киіз үйлері жасалып, шетелдік туристер қабылданады, сондай-ақ мал шаруашылығы дамытылуда. Бүгінде кәсіпкерлер бизнесті дамытудың жаңа кезеңіне – асыл тұқымды қой өсіруге дайындалып жатыр. Шаруашылықты кеңейтуге «KOKSHE» ӘКК» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылатын «Ауыл аманаты» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы мүмкіндік берді.
Қала өмірінен – ауыл шаруашылығына
Алтынай Танирбергенова – «QAZAQ ECO FARM» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы, Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы, қоғамдық бастамалардың белсенді қатысушысы және елордадағы Nomad Woman әйелдер ат спорты клубының негізін қалаушылардың бірі.
«Жолдасым зейнетке шығар кезде жермен жұмыс істеуді ұйғарды. Екі жыл бойы жер телімін іздеп, ақыры Астанаға жақын орналасқан Ақмол ауылының маңынан шаруа қожалығын жүргізу үшін 11 гектар жер сатып алды. Содан кейін бұрын Үштөбе киіз үй комбинатында қолданылған қайың шпонымен киіз үйдің қаңқасын жасау технологиясын қайта жаңғыртты», – дейді Алтынай Мұратжанқызы.
Кейін шаруашылықта сиыр, жылқы, қой және үй құстары пайда болды. Отбасы сүт өнімдерін өндіре бастады. Ал артылған өнімдерді келген қонақтарға ұсынуды шешті.
«Мен сиыр саууды бір жыл бойы үйрендім. Кейін неге өзімізге келген адамдарды осы өнімдермен қонақ етпеске деп ойладым. Сүзбе, құрт және басқа да тағамдар дайындадым. Алғашқы қонақтарымыз достарымыз болды, кейін туристер келе бастады», – деп еске алады кәсіпкер.
Отбасылық шаруашылықтан – этнотуризмге
Уақыт өте келе шаруашылық ауылдық және этномәдени туризм орталығына айналды. Осылайша, қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен, ұлттық тағамдарымен және қолөнерімен танысатын QAZAQ UY этноауылы дами бастады.
Мұнда киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақыштағы күрке салынып, келушілерді қабылдауға қажетті инфрақұрылым жасақталды.
Шаруашылықтың елордаға жақын орналасуы үлкен артықшылыққа айналды. Ол Астанадан шамамен 20 шақырым жерде орналасқан. Мұнда қазақстандықтармен қатар шетелдік туристер де келеді. Тек 2026 жылдың жазында этноферма 700-ден астам шетелдік қонақты қабылдаған.
Алайда бизнесті одан әрі дамыту үшін қосымша қаражат қажет болды.
«Біз шаруашылықтың әлеуетін көрдік, бірақ оны кеңейтуге бос қаражат жеткіліксіз еді. Сол кезде «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасын пайдалануды шештім. Мемлекет көптеген қолдау тетіктерін ұсынып отыр, алайда ауыл тұрғындарының көбі олардың бар екенін біле бермейді», – дейді Алтынай Мұратжанқызы.
Кәсіпкердің айтуынша, ол бұл бағдарлама туралы алғаш рет Ақмола облысындағы «ӘДІЛЕТ» партиясы жанындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасының жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Асхат Құрманбаевтан естіген. Алтынай Танирбергенова пайдалы ақпарат бергені үшін оған ерекше алғысын білдіреді.
Кәсіпкерлер алғашқы жеңілдетілген несиені ауыл шаруашылығына жатпайтын бағытты, яғни туризмді дамытуға жұмсады. Шаруашылық аумағында қонақтар жыл бойы тұра алатын үй салынды. Алдағы жоспарларда монша салу және туристік қызмет түрлерін кеңейту бар.
Айта кетейік, бұл жерде демалып қана қоймай, іскерлік іс-шаралар да өткізуге болады. Биыл жазда мұнда Целиноград ауданы кәсіпкерлерінің алғашқы форумы өтті.

Екінші несие – асыл тұқымды қой сатып алуға
Келесі кезеңде отбасы мал шаруашылығын дамытып, киіз үй жасауға қажетті шикізатты өздері өндіруге кірісті.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «QAZAQ ECO FARM» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі екінші рет қаржыландыру алды. Бұл жолы қаражат асыл тұқымды қой сатып алуға бағытталды. Несиені қамтамасыз ету үшін отбасы Астанадағы пәтерін кепілге қойды.
Асыл тұқымды малды Қарағанды облысы Нұра ауданының Ізенді ауылында орналасқан «Отқанжар» ЖШС-нен сатып алу жоспарланған. Келісімшарт жасалып қойған, қазіргі уақытта мамандар жануарларды ветеринариялық талаптарға сәйкес іріктеуде. Қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін қойлар шаруашылыққа жеткізіледі.
Алайда жобаның негізгі мақсаты тек мал басын көбейту емес. Кәсіпкерлер мал шаруашылығын, қолөнер өндірісін және туризмді біріктіретін, қалдығы барынша аз өндірістік тізбек қалыптастыруды көздеп отыр.
«Біз киіз үйлер жасаймыз, сондықтан сапалы киіз қажет. Қазір оны Шымкент пен Ақтөбеден сатып аламыз, бірақ сапасы әрдайым талабымызға сай келе бермейді. Инемен шаншып нығыздалған киіз біздің киіз үйлерге жарамайды. Киіз үйдің жабуы жаңбырдан жақсы қорғауы үшін дәстүрлі ылғалды киіз басу технологиясын қайта жаңғыртуымыз керек», – деп түсіндіреді Алтынай Мұратжанқызы.
Ол үшін сапалы жүн қажет. Ал қазіргі уақытта мұндай шикізатты сатып алу өндірушілерге қымбатқа түседі. Сондықтан отбасы қойды өздері өсіруге шешім қабылдаған. Алынған жүн киіз жасауға, ал ет өнімдері туристерге қызмет көрсетуге пайдаланылмақ.
Бір шаруашылықтың дамуы өзгелерге де мүмкіндік береді
Бүгінде отбасының иелігінде 11 гектар жер бар. Мұнда мал өсіріліп, жемшөп дайындалады, ұлттық өнімдер өндіріледі және туристер қабылданады.
Сонымен қатар «QAZAQ ECO FARM» жеке шаруашылық ретінде ғана емес, басқа да ауылдық тауар өндірушілермен ынтымақтастық орнататын алаң ретінде дамып келеді. Мұнда өз өнімдерін жергілікті фермерлер, соның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының қатысушылары да жеткізеді.
Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға да ерекше көңіл бөлінген. Алтынай Танирбергенованың айтуынша, бүгінде шаруашылықта бес әйел еңбек етеді. Олар сиыр сауу, киіз басу және басқа да өндірістік жұмыстармен айналысады.
«Мен біздің әйелдердің еңбегін жоғары бағалаймын. Қазір ауылда мұндай жұмыспен айналысуға дайын адамдарды табу оңай емес. Сондықтан біз үшін шаруашылықты дамыту ғана емес, жұмыс орындарын ашу да маңызды», – дейді ол.
Нақты нәтиже беретін мемлекеттік қолдау
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен өткізудің, сондай-ақ ауылдық аумақтарды қолдаудың мемлекеттік тетіктерін кешенді пайдаланудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен.
Ақмола облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуы өңір әкімі Марат Ахметжановтың бақылауында. Бағдарлама талаптарына сәйкес келетін жобаларды қарау және қаржыландыру жұмыстарын «KOKSHE» ӘКК» АҚ жүргізеді.
Жеңілдетілген микрокредиттер жылдық 2,5 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен беріледі. Ауыл шаруашылығы жобалары үшін қаржыландыру мерзімі жеті жылға дейін, ал ауыл шаруашылығына жатпайтын жобалар үшін бес жылға дейін қарастырылған.
2023 жылдан 2026 жылғы қарашаға дейін Ақмола облысында «KOKSHE» ӘКК-нің қатысуымен «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 6 млрд теңгеден асатын 619 жоба қаржыландырылды.
Алтынай Танирбергенованың айтуынша, жобаны жүзеге асыруда «KOKSHE» ӘКК мамандарының сүйемелдеуі маңызды рөл атқарған.
«Несие мамандары жан-жақты кеңес береді, жұмысты жылдам әрі нақты атқарады», – деп атап өтті кәсіпкер.
Болашақ – қуатты ауылда
Алтынай Танирбергенованың пікірінше, ауылдық аумақтарды дамыту үшін кәсіпкерлердің күш біріктіруі, кооперацияны кеңейту және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану аса маңызды.
«Біз – аграрлық елміз. Сондықтан болашақ ауылда деп есептеймін. Біздің ортақ міндетіміз – шағын шаруашылықтарды дамыту, кооперативтерді қолдау, жұмыс орындарын ашу. Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге және кәсібін енді бастағандарға көмектесуге дайынбыз», – дейді кәсіпкер.
Бұл отбасының тәжірибесі жеңілдетілген қаржыландырудың экономиканың бірнеше бағытын өзара байланыстыра алатынын көрсетеді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының нақты нәтижесі де осында: бір кәсіпкерлік жобаны қолдау ауылдағы өзара байланысты бірнеше өндіріс бағытының дамуына серпін бере алады.


