Қарағандыға Германиядан ерекше жүк - голштин тұқымына жататын 264 бас асыл тұқымды ірі қара мал жеткізілді. Олар Ақмола облысына жөнелтіледі. Мұнда «Burabay Milk» ЖШС ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыруда.
Бурабай ауданында тәулігіне 55 тоннаға дейін сүт өндіруге қауқарлы 1 440 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасы, ал Щучинск қаласында сүт өңдеу зауыты салынуда.
Жоба Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Оның іске асырылуында Аграрлық несие корпорациясының қаражаты есебінен «Береке» бағдарламасы аясында жеңілдетілген қаржыландыруды қамтамасыз ететін «KOKSHE» ӘКК» АҚ маңызды рөл атқарады.
«Игілік» және «Береке» бағдарламаларының іске асырылуы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың ерекше бақылауында.
Шетелден өнімділігі жоғары асыл тұқымды мал сатып алу сүт өндірісінің көлемін арттырып қана қоймай, шаруашылықтарға өздерінің асыл тұқымды мал өсіру базасын қалыптастыруға, еліміздегі асыл тұқымды мал басын көбейтуге және импортқа тәуелділікті біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта қазақстандық дүкендердің сөрелерінде ауыз сүттен бастап грек йогурттары, сүт коктейльдері мен кілегейлі ірімшікке дейінгі жаңа отандық өнімдер пайда болады.
Осылайша, асыл тұқымды мал өсіруден бастап қазақстандықтардың дастарханына дайын өнім жеткізуге дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптасуда.
