Австралиядан Қазақстанға ет бағытындағы дорпер тұқымының алғашқы 1 100 асыл тұқымды қойы жеткізілді. Малдарды Ақмола облысындағы «Ерейментау-Астық-2014» кәсіпорны «Береке» мемлекеттік жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында сатып алуда. Шаруашылық жалпы саны төрт мың бас қой әкелуді жоспарлап отыр. Жоба асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытуға және Қазақстанда өнімділігі жоғары мал басын одан әрі көбейту үшін отандық асыл тұқымды мал базасын қалыптастыруға бағытталған.
Астана халықаралық әуежайына Австралиядан ет өнімділігі жоғары әрі әртүрлі күтіп-бағу жағдайларына жақсы бейімделетін дорпер тұқымының алғашқы асыл тұқымды қойлары жеткізілді.
Бұл жеткізілім шетелден мал сатып алумен ғана шектелмейді. Ол – отандық мал шаруашылығын дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция. Әкелінген қойлар асыл тұқымды мал басын көбейтуге арналған. Алдағы уақытта олардан алынған төл шаруашылықтың өз отарын ұлғайтуға, сондай-ақ басқа ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге асыл тұқымды мал жеткізуге мүмкіндік береді.
Малдарды Ерейментау ауданындағы «Ерейментау-Астық-2014» ЖШС сатып алуда. Кәсіпорын бұған дейін де мал шаруашылығымен айналысып, ұсақ мал өсіріп келеді. Жаңа жоба аясында төрт мың асыл тұқымды дорпер, оның ішінде 3 840 тұсақ қой мен 160 асыл тұқымды қошқар сатып алу көзделген.
Жобаның қаржыландыру тетігіне ерекше мән берілген. Мал сатып алу Ақмола облысында операторы «KOKSHE» ӘКК» АҚ болып табылатын «Береке» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Қаржыландыру «KOKSHE» ӘКК ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді одан әрі жеңілдетілген шарттармен несиелеу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан тартқан қаражат есебінен жүргізіледі. Бағдарлама бойынша несие жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
Сонымен қатар ірі мал шаруашылығы жобаларын жүзеге асыру үшін қолжетімді қаржы ғана емес, жеткілікті кепілдік қамтамасыз ету де қажет. Аталған жобада «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның кепілдендіру тетігі пайдаланылуда. Бұл тетік қарыз сомасының 85 пайызын қор кепілдігімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осылайша, Аграрлық несие корпорациясы, «KOKSHE» ӘКК және «Даму» қорының өзара ынтымақтастығы мемлекеттік қолдау тетіктерін нақты инвестицияларға, жаңа асыл тұқымды мал басын қалыптастыруға және жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды кеңейтуге бағыттауға мүмкіндік береді.
Бағдарламаны іске асыруда «KOKSHE» ӘКК маңызды рөл атқарады. Корпорация инвестициялық жобаларды қарауды және қаржылық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді, қарыз алушылармен және қаржы институттарымен өзара іс-қимыл жүргізеді, қажетті рәсімдерден өтуге жәрдемдеседі.
Мал шаруашылығын дамыту Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың ерекше бақылауында. Өңірде «Береке», «Игілік», «Кең дала» және «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ «Жайлау» бағдарламасын қоса алғанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдаудың жаңа тетіктерін дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Экспортқа бағдарланған ет кластерін құруға ерекше көңіл бөлінуде. Оның тұжырымдамасы асыл тұқымды мал өсіретін репродукторларды, бордақылау алаңдарын және ет өңдеу кәсіпорындарын біртұтас өндірістік тізбекке біріктіре отырып дамытуды көздейді.
Алдағы уақытта Ақмола облысының ет кластері аясында 150 мың басқа дейін ірі қара мал бордақылайтын қуаттарды және заманауи ет өңдеу кешенін құру жоспарланған. Тұжырымдама бойынша 400 млрд теңгеге дейін инвестиция тарту және шамамен 9,5 мың жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Бұл жүйеде асыл тұқымды мал шаруашылығының орны ерекше. Өйткені бастапқы мал басының сапасы шаруашылықтардың болашақ өнімділігіне, бордақылау тиімділігіне және ет өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.
Австралиядан дорпер тұқымды қойларды жеткізу – мемлекеттік қолдаудың мал шаруашылығы саласын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға қалай ықпал ететінінің нақты мысалдарының бірі.
Бүгінде Қазақстанға шетелден асыл тұқымды мал әкелінуде. Ал болашақта олардың төлі отандық асыл тұқымды мал базасының бір бөлігіне айналып, қазақстандық шаруашылықтардың дамуына қызмет етуі тиіс.
Мұндай жобалардың ұзақ мерзімді маңызы да осында: мақсат тек мал санын көбейту емес, Қазақстанның мал шаруашылығы өзінде өсірілген жоғары өнімді асыл тұқымды мал есебінен тұрақты дами алатын жағдай қалыптастыру.
