«KOKSHE» ӘКК Burabay Milk сүт фермасын кеңейтуді қаржыландырды

05.10.2026

Бурабай ауданындағы «Burabay Milk» ЖШС сүт бағытындағы табынын тағы 264 бас асыл тұқымды ірі қара мал толықтырады. Алайда жобаның мақсаты мал басын көбейтумен ғана шектелмейді. Кәсіпорын өз сүт табынын қалыптастырудан және шикі сүт өндіруден бастап, оны Щучинск қаласында салынып жатқан зауытта өңдеуге дейінгі толық өндірістік циклді кезең-кезеңімен құруда. Жобаның жаңа кезеңі «Береке» мемлекеттік бағдарламасы аясында «KOKSHE» ӘКК» АҚ арқылы қаржыландырылды.

Мал шаруашылығын дамыту және агроөнеркәсіптік кешенде заманауи өндіріс орындарын құру – Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың ерекше бақылауында тұрған өңір жұмысының басым бағыттарының бірі. Бұл ретте тек шикізат өндірумен шектелмей, оны одан әрі өңдеуді жолға қоятын және өңір ішінде қосылған құн қалыптастыратын жобаларға ерекше назар аударылуда.

Ақмола облысында «Береке» бағдарламасының іс жүзінде жүзеге асырылуын «KOKSHE» ӘКК» АҚ қамтамасыз етеді. Корпорация ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жобаларын қарап, оларды қажетті рәсімдерден өткізіп, қаржыландыруды жүзеге асырады. Қаржыландыру «KOKSHE» ӘКК бағдарламаны іске асыру үшін тартқан «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаражаты есебінен беріледі.

«Burabay Milk» ЖШС бұған дейін де «KOKSHE» ӘКК арқылы екі рет қаржыландыру алған. Кәсіпорын Бурабай ауданының Баянбай ауылында негізгі табыны 1 440 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салу жобасын жүзеге асыруда. Бұған дейін фермаға Еуропадан голштин тұқымды 330 сиыр әкелінген.

Жобаның жаңа кезеңінде Еуропадан тағы 264 бас ірі қара мал сатып алу көзделген. Қаржыландыру «Береке» бағдарламасы бойынша жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 84 ай мерзімге беріледі. Табынды ұлғайту кәсіпорынға Қазақстанның ішкі нарығына арналған табиғи шикі сүт өндірісінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Алайда ферма – ауқымды жобаның бір бөлігі ғана. Компания Щучинск қаласында бір ауысымда 30 тонна сүт өңдеуге қауқарлы зауыт салуда. Осылайша кәсіпорын мал өсіру, сүт өндіру, оны өңдеу және дайын өнім шығару кезеңдерін қамтитын өз өндірістік тізбегін біртіндеп қалыптастырып келеді.