04.10.2021

«KOKSHE» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Ақмола облысы әкімдігінің 2020 жылғы 30 шілдедегі №А-8/380 қаулысымен бекітілген Ақмола облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы №145 қаулысымен бекітілген тізбеге сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды ұстап тұру тетіктерін іске асыру шеңберінде кәсіпкерлік субъектілеріне қарыздар беру бойынша өтініштерді қабылдау туралы хабарлайды.

Қарыз беру қарыз шартын жасасу арқылы қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және ақылылық шарттарында жүзеге асырылады.

Бағаны тұрақтандыру әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тіркелген төмендетілген бөлшек/көтерме бағаларды белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Үкіметтің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 қаулысымен бекітілген. https://adilet.zan.kz/rus/docs/P100000145_

Қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектісін осы Қағидаларда белгіленген кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптарға (критерийлерге) сәйкес Ақмола облысы әкімдігінің комиссиясы айқындайды.

Кәсіпкерлік субъектісі келесі критерийлерге сәйкес болуы тиіс:

1. тиісті салық органының анықтамасымен расталған, өтінім берілген күнге салықтар және басқа да міндетті төлемдер бойынша берешектің болмауы;

2. Екінші деңгейдегі банктер берген несиелер бойынша мерзімі өткен берешектің, тыйым салулардыңболмауы;

3. аталған талаптардың кем дегенде біреуіне сәйкестігі:

Ақмола облысының аумағында азық-түлік тауарларын тиісінше сақтауға және азық-түлік тауарларымен сатып алу және өзге де операцияларды орындауға арналған сауда-логистикалық инфрақұрылымның және/немесе қойма құрылыстарының немесе арнайы жабдығы бар басқа да үй-жайлардың болуы;

комиссия айқындайтын тізбеге сәйкес Ақмола облысының аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын көтерме немесе бөлшек сауда кәсіпорындарында (бөлшек сауда объектілері желісінде) өткізуді жүзеге асыру;комиссия айқындайтын тізбеге сәйкес Ақмола облысының аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруді жүзеге асыру.

Өтінімдерді қабылдау Көкшетау қаласы, Е.Әуелбеков көшесі 32, 3-қабат мекенжайы бойынша қолма-қол жүзеге асырылады.

Өтінімдерді қабылдау уақыты 2021 жылғы 22 қазанға дейін , жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін (түскі үзіліс сағат 13:00-ден 14:30-ға дейін).

Қарыз алу үшін өтінімде: қарыз сомасын, көлемі бойынша есеп айырысуларды, өнім туралы ақпаратты және сатудың тіркелген бағаларын, өнімді өткізу нүктелерін, өнімді өткізу мерзімін, қарызды қайтару мерзімін, қарызды қамтамасыз ету түрін көрсету қажет.

Қажет болған жағдайда қосымша ақпарат пен құжаттама талап етілуі мүмкін.

Қарыз беру туралы қорытынды шешімді (мөлшері, мерзімі және сыйақы мөлшерлемесі) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссия қабылдайды.