Ақмола өңірі қант зауытымен қарыз шартына қол қойды

24.01.2023

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың жаңа тәсілдерін іске асыру шеңберінде «KOKSHE» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» «Көксу қант зауыты» ЖШС-мен (Жетісу облысы) қарыз шартын жасасты.

Қант зауыттарын айналым схемалары бойынша қаржыландыру 2022 жылғы 12 қазанда қол қойылған Сауда комитеті, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен қант зауыттары арасындағы қант бағасын тежеу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде жүргізіледі. Қант зауыттары қант шикізатын үш айлық көлемін сатып алады және оны жыл бойы тұрақты өңдеуді қамтамасыз етеді, өз кезегінде зауыттар сату бағасын белгілеу, зауыттарды міндетті түрде жаңғырту, сақтау қуатын арттыру және қант саласын дамыту жөніндегі жоспарды орындау бойынша нақты қарсы міндеттемелер қабылдайды.

2023 жылдың қаңтарында «Көксу қант зауыты» ЖШС-мен «KOKSHE» ӘКК келісімшартын жасасу бойынша барлық қажетті рәсімдер аяқталды.

Шарт аясында зауыт Ақмола облысының базарларына екі мың тоннадан астам қант жеткізеді.

Осыған дейін жүргізілген осындай жұмыстардың арқасында 2021 жылы «KOKSHE» ӘКК «Көксу қант зауытымен» 678 тоннаға қант сатып алу шартын жасасты. Бұл қантты килограмына 342-ден 495 теңгеге дейін сатуға мүмкіндік берді. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы жидек маусымында нарықтағы қант бағасы бір килограмына 900 теңгеге дейін көтерілді.

Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорының бөлімдерінде бір килограмм қант 475 теңге тұрады.